Балаларға арналған «AVATARIYA» ойын-сауық саябақтарына кіру және жүріп-тұру
ЕРЕЖЕЛЕРІ
«AVATARIYA» брендімен әрекет ететін «MULTIBRAND COMPANY» ЖШС, бұдан әрі «Қонақ» деп аталатын іс-әрекетке қабілетті кез келген жеке тұлғаға, жеке кәсіпкерге немесе заңды тұлғаның уәкілетті өкіліне балаларға арналған «AVATARIYA» ойын-сауық саябағына (бұдан әрі – Саябақ) келген кезде Саябақ қызметтерін пайдалану мүмкіндігін ұсынады, бұл осы Ережелерде көрсетілген шарттар бойынша ақылы қызмет көрсету туралы келісімшартты (бұдан әрі – Келісімшарт) жасасу арқылы жүзеге асырылады.
Қонақтың «AVATARIYA» кіру билетін сатып алуы – Келісімшарт пен Ережелердің талаптарын қабылдағанын және олармен толық танысып, келісетінін білдіреді. Қонақ пен Саябақтың арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы, оның ішінде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 395–397 баптары бойынша реттеледі.
Саябаққа кіру Ережелері, соның ішінде Саябақ аумағындағы мейрамханаға кіру ережелері де санитариялық талаптарға, атап айтқанда, «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сай жүзеге асырылады.
Саябақ келушілер үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін жүріп-тұру ережелерін өз бетінше белгілеуге құқылы. Мұндай ережелерге, мысалы, темекі шегуге шектеу қою, сырт киіммен кіруге тыйым салу және Саябақтағы тәртіп пен жайлы жағдайды сақтау мақсатында қабылданған өзге де шараларды жатқызуға болады.
Саябақтың жұмыс тәртібі туралы ақпарат, сондай-ақ, басқа да қажетті мәлімет «AVATARIYA»-ның ресми сайтында жарияланған, сайттың мекенжайы: https://avatariya.com.
1. ТЕРМИНДЕР МЕН АНЫҚТАМАЛАР
1.1. Әкімшілік немесе Әкімші – «AVATARIYA» қызметкерлері және/немесе Саябақ аумағында қызмет көрсететін және/немесе тауар сатуды жүзеге асыратын үшінші тұлғалардың тиісті шарттар негізінде жұмыс істейтін қызметкерлері, өздерінің еңбек міндеттеріне сәйкес шешім қабылдауға уәкілетті тұлғалар, олардың қатарына: Саябақ директоры, менеджерлер, даяшылар, кассирлер, аниматорлар кіреді, бірақ тек олармен шектелмейді;1.2. Қонақ – Саябақ ұсынатын қызметтерді пайдалануға ниетті және/немесе оларды пайдаланып жүрген кез келген жеке тұлғаны білдіреді, олардың қатарында:
1.2.1. Нәресте – Саябаққа кірген сәттегі жасы 0-ден 1 жасқа дейінгі (қоса алғанда) кәмелетке толмаған және іс-әрекетке қабілеті жоқ жеке тұлғаны білдіреді;
1.2.2. Бала немесе Балалар – Саябаққа кірген сәттегі жасы 1-ден 18-ге дейінгі (қоса алғанда) кәмелетке толмаған және іс-әрекетке қабілеті жоқ бір немесе бірнеше жеке тұлғаны білдіреді;
1.2.3. Ересек немесе Ересектер – кәмелетке толған және іс-әрекетке қабілетті бір немесе бірнеше жеке тұлға, сондай-ақ, қолданыстағы заңнамада белгіленген жағдайларда іс-әрекетке қабілетті кәмелетке толмаған тұлғаларды білдіреді;
1.2.4. Ертіп жүруші – Саябаққа кірген кезде Сәбиді, Бала мен/немесе Балаларды ертіп жүрген, солар үшін заңға немесе өзге де заңды негіздерге сәйкес жауапты Ересек тұлға, яғни заңды өкіл немесе уәкілетті тұлғаны білдіреді;
1.3. Тапсырыс – Сатып алушы мен Саябақ арасында жасалған келісім, оған сәйкес Саябақ Сатып алушыға және/немесе Тапсырыста көрсетілген өзге де тұлғаларға Мереке қызметтерін, сондай-ақ қосымша қызметтерді осы Ережелер мен Тапсырыста белгіленген мерзім мен көлемде көрсетуге міндеттеледі, ал Сатып алушы Саябақ Тапсырыс берушіге осы Ережелердегі шарттарға сәйкес көрсеткен қызметтерді қабылдап, олардың ақысын төлеуге міндеттеледі;
1.4. Ойын Аумағы – Саябақтағы аттракциондар мен Ойын Элементтері орналасқан, белсенді ойындарға арналған аумақты білдіреді. Ойын Аумағына ковролин төселген. Тыныш ойындарға арналған бөлме де Ойын Аумағына жатады;
1.5. Аттракциондар мен Ойын Элементтері – Саябақтың осы Ережелерге сәйкес Қонақтардың ойын-сауық мақсатында пайдалануына арналған бөліктері. Аттракциондар мен Ойын Элементтерінің ашық тізімі және оларды пайдалану шарттары осы Ережелердің 7 және 8-баптарында көрсетілген. 7 және 8-баптарда көрсетілген Аттракциондар мен Ойын Элементтерінің болуы;
1.6. Мерекелерге арналған бөлмелер – Қонақтарға осы Ережелерде белгіленген шарттарға сәйкес Мереке өткізу үшін ұсынылатын Саябақ аумағындағы мейрамхана ішінде орналасқан және арнайы жабдықталған бөлмелер;
1.7. Саябақ – ойын аумағы мен отбасылық мейрамханаларды және басқа да ойын-сауық шараларын ұсынатын балаларға арналған ойын-сауық саябағы. Мейрамханалар – Саябақ аумағында орналасқан қоғамдық тамақтану нысандары. «AVATARIYA» Саябағы туралы толық ақпарат ресми сайтта жарияланған;
1.8. Сатып алушы – Саябақта көрсетілетін және/немесе сатылатын тауарлар мен қызметтерге ақы төлейтін іс-әрекетке қабілетті жеке тұлға немесе заңды тұлға. Олардың қатарына кіру билеттерін сатып алу, Мерекені ұйымдастыруға арналған Тапсырыстың құнын төлеу, Саябақ мейрамханаларында сатылатын тағамдар мен сусындардың ақысын төлеу жатады, бірақ тек мұнымен шектелмейді;
1.9. Мереке – белгілі бір шектеулі адамдар тобына арналған туған күн, түлектер кешін тойлау секілді бұқаралық іс-шараны білдіреді, ол Саябақ аумағында арнайы бөлінген бөлмеде және/немесе мейрамхана аймағындағы арнайы орындарда өткізіледі. Іс-шара Тапсырыста белгіленген уақыт аралығында өтеді және осы Ережелерде көзделген минималды қызметтер жиынтығын, сонымен қатар, Тапсырыста жеке келісілген қосымша қызметтерді қамтиды.
2. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2.1. Осы Ережелер Саябақта жүрген барлық Қонақтарға қолданылады.
2.2. Қонақтар Саябаққа кіру билетін сатып ала отырып, осы Ережелермен, сондай-ақ Ойын Элементтерінің қасындағы арнайы ақпараттық тақтайшаларда көрсетілген Ойын Элементтерін пайдалану ережелерімен келісетінін растайды.
2.3. Осы Ережелерде және/немесе ақпараттық тақтайшаларда көрсетілген Аттракциондар мен Ойын Элементтерін пайдалану ережелері (соның ішінде аттракциондар мен Ойын Элементтерін пайдалану жасына, салмағына, бойына, пайдаланушылар санына қатысты шектеулер) бұзылған жағдайда, барлық ықтимал салдар мен жарақаттар үшін жауапкершілік осы Ережелерді бұзған Ересекке және/немесе бұзуға жол берген Баланы/Балаларды Ертіп жүрушіге жүктеледі.
2.4. Қонақтар осы Ережелерді, сондай-ақ жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан болған жазатайым оқиғалар үшін Саябақ жауапты емес.
2.5. Қонақтар осы Ережелерді бұзған, сондай-ақ, орынсыз мінез-құлық (агрессия, мүлікке, үшінші тұлғалардың денсаулығына және өміріне қауіп төндіру) танытса, Әкімшілік Қонақтарды Саябақтан уақытынан бұрын шығарып жіберуге құқылы, бұл ретте билет құны қайтарылмайды.
2.6. Саябақ ара-тұра осы Ережелерге біржақты тәртіпте өзгерістер енгізуге құқылы, өзгеріс енгізілген Ережелер интернет желісіндегі тұрақты жұмыс істейтін мекенжай бойынша жарияланады: https://avatariya.com.
3. САЯБАҚТЫҢ ЖҰМЫС ТӘРТІБІ
3.1. Саябақ өз Қонақтары үшін жұмыс және демалыс күндері Астана уақыты бойынша сағат 11:00-ден 23:00-ге дейін ашық. Саябақта техникалық себептерге байланысты үзілістер мен «AVATARIYA» Саябақтары орналасқан сауда ойын-сауық орталықтарының Әкімшілігі белгілейтін демалыс күндерінен басқа үзілістер мен демалыс күндері болмайды.
3.2. Саябақтың жұмыс тәртібі туралы ақпаратпен Саябақтың кіреберісінде, сондай-ақ, «AVATARIYA» шытырман оқиғалар Саябақтарының ресми сайтында мына тұрақты мекенжай бойынша танысуға болады: https://avatariya.com/.
3.3. Саябақтың Әкімшілігі жұмыс кестесіне өзгерістер енгізуге құқылы. Өзгерістер туралы ақпарат «AVATARIYA» ресми сайтында жарияланады.
4. ҚОНАҚТАРДЫҢ ЖАСЫ
4.1. Саябаққа келетін Қонақтардың жасы мен құрамына шектеу қойылмайды.
4.2. Аттракциондар мен ойын элементтеріне арналған ойындарға ұсынылатын жас шамасы – 1 (бір) жастан бастап. Әрбір аттракцион мен ойын элементін пайдалану тәртібі туралы толық мәлімет ақпараттық тақтайшаларда көрсетілген.
4.3. Саябақтағы жекелеген аттракциондар мен ойын элементтерін пайдаланушы Қонақтардың жасына, салмағына және санына байланысты шектеулер қарастырылған. Мұндай жағдайда әрбір аттракционға немесе ойын элементіне қатысты ақпараттық тақтайшада көрсетілген мәліметтер басымдыққа ие.
4.4. 14 пен 18 жас аралығындағы балалар Саябақты ересектерсіз сағат 21:30-ға дейін өз бетінше келіп тамашалай алады, бұл ретте олар Саябақтың барлық Ережелерін және әр аттракционға қойылған талаптарды сақтауға міндетті.
5. БИЛЕТТЕР МЕН САЯБАҚҚА КІРУ АҚЫСЫН ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ
5.1. Саябақ билеттері тек Ересектерге немесе Сатып алушыларға сатылады. Бұл ретте:
- Саябақ Әкімшілігі Сатып алушының жасын растау үшін жеке басын куәландыратын құжатты талап етуге құқылы. Мұндай құжат ұсынылмаған жағдайда, Әкімшілік билет сатудан бас тартуға құқылы.
5.2. Нәрестелер Саябаққа Ертіп келушімен бірге тегін кіреді.
5.4. Ересектер Саябақ аумағына Балаларсыз тек Саябақпен танысу мақсатында және Әкімшіліктің еріп жүруімен ғана кіре алады, бұл ретте Ойын Элементтерін пайдалануға тыйым салынған. Ересектер Саябақтың мейрамхана аумағына, соның ішінде Балаларсыз да кіре алады, бірақ бұл жағдайда Ережелерді сақтауы тиіс.
5.5. Саябаққа кірерде Сатып алушы сәйкес тариф бойынша кассадан, https://avatariya.com/ ресми сайтынан немесе «AVATARIYA» мобильді қосымшасынан кіру билетін сатып алады. Билетпен бірге Қонаққа таңдалған тарифке сәйкес білезік беріледі. Билет сатып алған кезде немесе сатып аларда Қонақ осы Ережелермен танысып, Қонақтың Саябақ Ережелерімен және жеке деректерін өңдеумен келісетіндігі туралы келісімді толтыру арқылы немесе «AVATARIYA» мобильді қосымшасындағы QR-кодты көрсету арқылы олармен келісетінін (бұдан әрі – Келісім) растауға міндетті. Келісімді қағаз жүзіндегі құжат түрінде де, электронды түрде де рәсімдеуге болады. Билет тарифтерінің құны https://avatariya.com/ ресми сайтында және Саябақтардың өзінде орналастырылған прайс-парақтағы баға бойынша белгіленеді. көрсетіледі. Әрбір Бала үшін жеке билет сатып алынады.
5.6. Саябаққа бір билетпен (білезікпен) тек сол билет сатып алынған бір Бала ғана кіре алады. Күндік билеттер бойынша Саябақтың осы Ережелерде көрсетілген 3 бабына сәйкес жұмыс уақыты ішінде Ережелердің өзге тармақтары сақталса, кіріп-шығу саны шектелмейді. Сағаттық билеттер бойынша Саябаққа қайта кіруге тыйым салынған.
5.7. Кіру билетін (білезікті) сатып алу – Қонақтың осы Ережелерде көзделген шарттарға сәйкес Саябаққа кіру және онда болу құқығына кепілдік береді.
5.8. Қонақтар Саябақтан шыққанға дейін билеттер мен түбіртектерін сақтауға міндетті.
5.9. Қонақтың Саябаққа кіру уақытын кассир билетте/білезікте тіркеледі және бұл ақпаратты Әкімшілік кез келген уақытта тексере алады. Саябақта болу уақыты аяқталғаннан кейін Қонақ билетті/білезікті оны өтеу үшін Әкімшілікке өткізіп, Саябақ аумағынан шығуы қажет.
5.10. Саябақ Балаларды/Баланы күтіп-бағу және қарау қызметтерін көрсетпейді және, тиісінше, бұл қызметтерге ақы алынбайды және олар Саябаққа кіру билетінің құнына кірмейді.
5.11. Осы Ережелердің 5.13 тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Саябақтарға кіру билеттерінің құнына қосымша ақы төлеу арқылы ұсынылатын тауарлар және/немесе қызметтердің құны кірмейді, олардың қатарына жататындар, бірақ бұлармен ғана шектелмейді:
- Саябақ мейрамханаларында сатылатын тағамдар мен сусындар және Саябақтардың аумағында орнатылған вендинг аппараттары арқылы сатылатын тағамдар мен сусындар;
- Мерекені дайындау және өткізу;
- кәсіби фото және/немесе видеотүсірілім жасау;
- фотографтар мен операторлар түсірген суреттер мен бейне материалдарды сатып алу, оларға ойын сәттері, Мерекелер немесе Қонақтардың Саябақтағы өзге де іс-әрекеті кезінде жасалған материалдар кіреді, бірақ олармен шектелмейді;
- «Аквагрим» қызметін көрсету;
- Мереке өткізу кезінде қызмет көрсету,
- аниматор қызметін көрсету.
6. САЯБАҚТА ЖҮРІП-ТҰРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ
6.1. Саябаққа кірерде Ертіп жүрушілер «AVATARIYA» Саябағы көрсететін қызметтерді пайдалану Ережелерімен келісетінін тиісті бланкты толтыру арқылы немесе осы Ережелердің 5.5-тармағында көрсетілген саябаққа билет сатып алуға арналған басқа тәсілмен растауға міндетті. Келісімді толтыра отырып, Ертіп жүрушілер өздері ұсынған жеке деректердің толықтығы мен растығына кепілдік береді және қате ақпарат ұсынудың барлық тәуекелдері мен салдарына өздері жауапкершілік алады. Ережелердің осы тармағына сәйкес, Ертіп жүрушілер өздеріне Саябақта көрсетілетін «AVATARIYA» қызметтерін пайдалануға келісім бере отырып, Ертіп жүрушілер «AVATARIYA» қызметтерін пайдалануға келісім берген кезде көрсеткен жеке деректерін «AVATARIYA»-ның өңдеуіне келісімін береді. Бұл арқылы «AVATARIYA» жеке деректерді Қазақстан Республикасының 27.07.2006 жылғы «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заңына сәйкес және Компания директоры бекіткен Жеке деректерді өңдеу саясатына, сондай-ақ Жеке деректерді өңдеу Ережелеріне сәйкес өңдейтінін растайды. Ертіп жүруші бұл құжаттармен https://avatariya.com/ ресми сайтында және/немесе Әкімшілік арқылы таныса алады.
6.2. Саябақ Қонақтарының денсаулығына қамқорлық жасай отырып, «AVATARIYA» тұмау, жұқпалы немесе өзге Қонақтардың денсаулығына кері әсер етуі мүмкін басқа да ауру белгілері бар тұлғаларға Саябаққа келуге кеңес бермейді. Әкімшілік тұмау немесе жұқпалы ауру белгілері бар Қонақтарды Саябаққа кіргізуден бас тартуға құқылы. Егер Балада тұмау, жұқпалы ауру белгілері, аллергия немесе кез келген ерекше аурулар және/немесе ойынға қатысуға, Аттракциондар мен Ойын Элементтерін пайдалануға қарсы көрсетілімдер болса, онда Баланы Ертіп жүруші Саябаққа кірмес бұрын бұл туралы Әкімшілікке алдын ала жазбаша түрде хабарлауға міндетті. Егер Әкімшілікке алдын ала хабар берілмесе, мұның барлық ықтимал салдарына байланысты тәуекелдер Ертіп жүрушіге жүктеледі.
6.3. Саябақ пен мейрамхана аумағында тыйым салынады:
1) Қонақтар үшін қауіпті заттарды Саябақ аумағына алып кіру және пайдалануға, олардың қатарында мыналар бар, бірақ тек олармен шектелмейді: кесетін және шаншитын заттар, сіріңке мен оттықтар, айналымы заңмен шектелген немесе тыйым салынған заттар мен бұйымдар, соның ішінде атыс қаруы, шектеулі зақымдау қаруы, пневматикалық, суық және басқа да қару түрлері;
2) Саябақ аумағына пиротехникалық бұйымдарды алып кіру және пайдалануға, отшашу, петардалар, түтін шашкалары, файерлер, бенгал шамдары;
3) кез келген өзін-өзі қорғау құралдарын алып кіріп, Саябақта пайдалануға, олардың қатарында мыналар бар, бірақ тек олармен шектелмейді: газ және бұрыш баллондары, электрошокерлер, шектеулі зақымдау қаруы;
4) шылым шегу, оның ішінде электронды темекі, шегуге арналған қоспалар мен олардың баламаларын қолдануға;
5) Саябақтың Ойын Аумағында және жалпы кез келген Аттракциондар мен Ойын Элементтерінде алкогольге, есірткіге немесе психотроптық затқа масайған күйде болуға;
6) Өзімен бірге алып келген алкогольдік ішімдіктерді ішуге, осы Ережелердің 10.11 тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда;
7) есірткі заттарын алып кіруге және пайдалануға;
8) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мақсатында Саябақ аумағына (атап айтқанда, «AVATARIYA» мейрамханасының аумағына) Саябақ аумағынан тыс сатып алынған азық-түлік пен сусындарды алып кіруге; арнайы диеталық және балалар тағамдарын санамағанда (толық ақпарат «САЯБАҚ ҚОНАҚТАРЫНА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТПЕДЕ» көрсетілген)
9) Ойын Аумағына кез келген азық-түлік пен сусындарды алып кіруге;
10) Саябақ аумағына кез келген жануарларды, жәндіктерді және басқа да тіршілік иелерін алып келуге;
11) Саябақтык мүлкі мен оның элементтерін Саябақ аумағынан тыс жерге шығаруға;
12) Сәбилер мен Балалардың Саябақта Ертіп жүрушілерсіз болуына;
13) Қонақтарға және Әкімшілікке күш қолдануға, сондай-ақ дауыс көтеруге, балағат сөз айтуға, тіл тигізу мен қысым көрсетуге, өзінің немесе өзгенің Балаларын жәбір көрсетуге, бейәдеп сөздер қолдануға, Қонақтар мен Саябақтың мүлкіне зиян келтіруге;
14) Аттракциондар мен Ойын Элементтерін сырт киіммен, аяқ киіммен және Ойын Элементтерін пайдаланған кезде баланың жарақат алуына немесе жазатайым оқиғаға соқтыруы мүмкін аксессуарлармен пайдалануға;
15) Ойын Аумағында механикалық қозғалыс құралдарымен (самокаттар, роликтер, скейтбордтар, сегвейлер және т.б.) жүруге.
6.4. Аттракциондар мен Ойын Элементтерін сырт киім және аяқ киім киіп пайдалануға тыйым салынады. Қонақтар Ойын аумағына кірерде берілетін мақта шұлықпен (аяқ киімсіз) және таза киіммен ғана кіре алады. Осы тармақта қарастырылған шарттар бұзылған жағдайда, Саябақ Әкімшілігі Қонаққа ескерту жасап, Ойын Аумағына кіруіне шектеу қоюға құқылы.
6.5. Аяқ киім мен сырт киімді Саябаққа кіреберістегі шкафта және гардеробтағы шкафта қалдыру қажет. Саябақ Әкімшілігі Қонақтардың жеке заттары мен мүлкінің сақталуына жауапты емес.
6.6. Балалар арбаларын, велосипедтерді, самокаттарды, дүкен арбаларын Саябаққа кіреберістегі арнайы бөлінген орында қалдыру қажет. Саябақ Әкімшілігі Қонақтардың мүлкінің сақталуына жауапты емес.
6.7. Балаларға өз бетінше, яғни Саябаққа бірге келген Ертіп жүрушісіз Саябақтан аумағынан шығуға болмайды. Ертіп жүрушілер өздері ерткен тұлғалардың Саябақтағы қозғалысын қадағалауға міндетті. Ересектерге/Ертіп жүрушілерге балаларды/ертіп жүрген тұлғаларды қараусыз қалдырып, Саябақ аумағынан кетуге тыйым салынады.
6.8. Қонақтар Аттракциондар мен Ойын Элементтеріне, реквизитке, жабдыққа және Саябақтың өзге де мүлкіне мұқият қарауға міндетті және ойыннан кейін уақытша пайдалануға берілген реквизитті, сонымен қатар, ойын кезінде қолданған жабдықты және өзге де мүлікті Әкімшілікке толықтай қайтаруға міндетті.
6.9. Ертіп жүрушілер өздері ерткен Балаларды фотоға және видеоға түсіруге құқылы. Фото және бейнежазба тек жеке мақсатта, кәсіби емес құрылғылармен және басқа Қонақтар мен Әкімшілікті кадрға қоспай жүзеге асырылуы тиіс. Басқа Қонақтарды кадрға қосып, фото және бейнетүсірілім жасауға тек олардың жазбаша келісімімен ғана болады.
6.10. Қонақтарға Саябақ Әкімшілігінің алдын ала келісімін алмай, Саябақ аумағында видео шолулар түсіруге, контент жасауға және әлеуметтік желілерде жариялауға тыйым салынады.
6.11. Қандай да бір дау туындаған жағдайда және/немесе Саябақ жұмысына немесе басқа Қонақтардың әрекетіне байланысты шағымдары болса, Қонақ Саябақ Әкімшілігіне тікелей жүгінуі тиіс.
6.12. Әкімшілік Балалармен физикалық байланысты тек Аттракциондар мен Ойын Элементтерінің ережелері мен сценариіне сәйкес қажет болған жағдайда немесе көмек көрсету үшін ғана жүзеге асырады.
6.13. Қажеттілік туындаған жағдайда, Әкімшілік Қонақтарға алғашқы көмек көрсете алады, ол кәсіби медициналық көмек саналмайды, немесе жедел жәрдем шақыра алады, сонымен қатар, бұл туралы Ертіп жүрушілерді хабардар етеді. Саябақ келушілердің жарақатын өңдеу кезінде тек таңу және зарарсыздандыру материалдарын ұсынады. Басқа медициналық препараттармен қамтамасыз ету кепілдендірілмейді.
6.14. Осы Ережелердің 5-бабында белгіленгенін ескерсек, Саябақ — еркін келуге рұқсат етілген ашық орын болғандықтан, ол Саябаққа келген Қонақтардың бейнесін пайдалануға құқылы.
7. ЖЕКЕЛЕГЕН АТТРАКЦИОНДАР МЕН ОЙЫН ЭЛЕМЕНТТЕРІНДЕ ЖҮРІП-ТҰРУ ЕРЕЖЕЛЕРІ
7.1. Қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Саябақ Қонақтардың кейбір Аттракциондар мен Ойын Элементтеріне кіруін шектеуге құқылы, бұл ретте Саябақ өз міндеттемелерін толық көлемде орындады деп есептеледі және Саябаққа кіру құны (Саябақ билетінің құны) азайтуға жатпайды.
7.2. Сәйкес Ойын Элементінің кіреберісінде жазылған және осы Ережелерде көзделген шектеулерге сәйкес, Әрбір Аттракцион мен Ойын Элементі белгілі бір жас санатындағы Қонақтардың пайдалануына арналған.
7.3. Қонақтар әрбір Аттракцион мен Ойын Элементіне арналған жеке ережелерді сақтауға міндетті. Бұл ережелерді Әкімшілік сәйкес Аттракцион мен Ойын Элементін Қонақтар пайдаланардан бұрын жүргізетін нұсқаулықта түсіндіреді.
7.4. Қонақтар Аттракциондар мен Ойын Элементтерін пайдаланған кезде Әкімшіліктің нұсқауларын және сәйкес Аттракциондар мен Ойын Элементтерін (әрбір нақты Саябақта болған жағдайда) пайдалану ережелерін сақтауға міндетті.
8. МЕРЕКЕ ӨТКІЗУ ЕРЕЖЕЛЕРІ
8.1. Мерекені өткізуге Тапсырыс рәсімдеген кезде, Сатып алушы осы Ережелермен толық келіседі және оларды бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Ережелерде көзделген салдарЫ туралы хабардар екенін растайды.
8.2. Бөлмені алдын ала брондау үшін Сатып алушы кепілақы төлеуі қажет. Кепілақы сомасын Қонақ бағасы кем дегенде кепіл сомасына тең болатын Мерекені ұйымдастыру бойынша келісімшарт (ақылы қызмет көрсету және қолма-қол сату-сатып алу туралы аралас келісішарт) жасалғанын растайтын дәлел ретінде және Сатып алушының (Қонақтың) шарт бойынша төлем жасау міндеттемесін қамтамасыз ету үшін береді. Егер Сатып алушы Мерекені ұйымдастыру келісімшартын орындамаса немесе келісімшарт кепілақы сомасынан төмен болып орындалса, онда кепілақы сомасы толық немесе ішінара қайтарылмайды. Саябақ Қонағының кепілақы беруі осы Ережелерде көзделген шарттармен және Саябақ прейскурантында көрсетілген тәртіппен келісімшарт жасауға жария офертаның акцепты болып саналады.
8.3. Бөлмені тек кепілақы берілген жағдайда ғана алдын ала брондауға болады. Брондаудың жеке шарттары, бөлмені безендіру қызметтер пакеттерінің құны, кіру билеттерінің құны және Саябақтың басқа да қызметтерінің бағалары Саябақ прейскурантында көрсетілген.
8.4. Мерекенің минималды қызметтер пакеті Саябақта бөлек төленетін қосымша қызметтермен толықтырылуы мүмкін, соның ішінде осы Ережелердің 5.14-тармағында аталған қызметтер бар, бірақ олармен шектелмейді.
8.5. Сатып алушы бөлмені брондау мерзімін ұзарту (қосымша ақысыз) құқығына мынадай шарттар орындалған жағдайларда ие болады:
– егер аталған бөлмелерді басқа Қонақтар алдын ала брондамаған болса;
– Мереке өткізілетін күні Сатып алушы сатып алған тауарлар мен қызметтердің жалпы сомасы прейскурантта белгіленген чек сомасынан асып түссе.
8.6. Қосымша қызметтерге (анимациялық бағдарламалар, фотосессия, тортқа тапсырыс және Саябақтың серіктес ұйымдары көрсететін өзге де қызметтер), сондай-ақ, Саябақтың өзі (үшінші тұлғаларды тартпай) көрсететін қызметтерге тапсырыс беру кезіндегі брондаудың негізгі шарттары:
8.6.1. Қосымша қызметтерді брондау және тортқа алдын ала тапсырыс беру нақты күн мен уақытқа қарай жасалады.
8.6.2. Қосымша қызметтерді брондау шарттарына және торт дайындау күніне өзгерістер енгізу Сатып алушы тарапынан Мереке өткізілетін күнге дейін кемінде 1 күнтізбелік күн бұрын ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
8.6.3. Саябақтың өзі (үшінші тұлғаларды тартпай) көрсететін қызметтерге алдын ала берілген тапсырыстарға өзгерістер енгізу жоспарланған Мереке уақытына дейін 24 сағаттан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
8.7. Мерекені өткізуге тапсырыс Сатып алушы прейскурантта көрсетілген бөлме безендіру қызмет пакеттерінің бірінің құнын, 5 кіру билетін және бар болған жағдайда қосымша қызметтерді төлегеннен кейін рәсімделген деп есептеледі.
8.8. Мерекені өткізу мерзімі мен оны өзгерту тәртібі:
8.8.1. Мереке Тапсырыста көрсетілген уақыт аралығында өткізіледі және нақты басталу уақытына тәуелді емес, егер Мерекенің кешігіп басталуы Сатып алушының әрекеттерінен/әрекетсіздігінен туындаған жағдайларды есептемегенде.
8.8.2. Брондау шарттарына өзгеріс енгізу келесі шарттар бір мезгілде орындалған жағдайда мүмкін болады:
– көрсетілген күн/уақытта бөлмелерде немесе кафеде бос орындар болса;
– Сатып алушы өзгеріс туралы жоспарланған Мерекеге дейін кемінде 24 сағат бұрын хабардар етсе;
8.9. Мереке өткізілетін орынды Сатып алушыны ескертпей өзгертілуі мүмкін, бұл жағдайда Сатып алушыға Саябақ аумағында Мерекені өткізуге баламалы орын ұсынылуы тиіс.
8.10. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 32-бабына сәйкес, Мерекеден Сатып алушы және/немесе оның басқа уәкілетті тұлғалары бас тартқан жағдайда, Сатып алушы төлеген Тапсырыс сомасы:
- егер жоспарланған Мерекеден Сатып алушы және/немесе оның басқа уәкілетті тұлғалары тарапынан Мерекеге дейін кемінде 4 (төрт) күнтізбелік күн бұрын мерзімінде бас тартылса, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 32-бабына сәйкес, Сатып алушы алдын ала төлеген ақшалай қаражат Мерекені ұйымдастыруға прейскурантта көрсетілген нақты жұмсалған шығындары шегеріліп, Сатып алушыға және/немесе оның басқа уәкілетті тұлғаларына қайтарылады;
- егер жоспарланған Мерекеден Сатып алушы және/немесе оның басқа уәкілетті тұлғалары тарапынан Мерекеге дейін 4 (төрт) күнтізбелік күннен аз мерзімде бас тартылса, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 32-бабына сәйкес, Сатып алушы алдын ала төлеген ақшалай қаражат Мерекені ұйымдастыруға прейскурантта көрсетілген нақты жұмсалған шығындар мен қосымша қызметтерге (Сатушының серіктес-ұйымдары көрсеткен) кеткен шығын шегеріліп, қайтарылады;
- Мерекеден бас тартылса, Саябақ Сатып алушының келесі келуіне Сатушының Саябақтарына сертификатта көрсетілген номиналды сомаға сәйкес сертификатты ұсынуға құқылы;
– егер Мерекеден Саябақ тарапынан бас тартылса, мұндай бас тартудың мерзіміне қарамастан, Сатып алушы алдын ала төлеген ақшалай қаражат толық көлемде қайтаруға жатады.
8.11. Мереке шарттарына өзгерістер енгізу немесе оны болдырмау туралы хабардар ету тәртібі:
8.11.1. Мерекені брондау шарттарына өзгеріс енгізу немесе Мерекені болдырмау үшін Сатып алушы Саябақтың байланыс орталығына қоңырау шалуы және/немесе Мереке өтуі тиіс Саябаққа келіп, Саябақтағы уәкілетті қызметкерге жүгінуі қажет.
8.12. Ақшалай қаражатты қайтару туралы өтінішті рәсімдеу үшін, бұл осы Ережелерге қайшы келмеген жағдайда, Сатып алушы Саябақта көрсетілген үлгіге сәйкес өтініш толтырып, Мерекенің ақысы үшін төлем жасаған тұлғаның толық банк деректемелерін көрсетуге, жеке басын куәландыратын құжатты және Мереке үшін төлем жасалған банк картасын (егер төлем карта арқылы жүргізілсе) ұсынуға міндетті. Ақшалай қаражатты қайтару туралы өтінішті уәкілетті қызметкерлер 1-ден 3 күнтізбелік күн ішіндегі мерзімде қарастырады.
9. ЖАУАПКЕРШІЛІК
9.1. Ертіп жүрушілер Балаларға осы Саябаққа кіру және Аттракциондар мен Ойын Элементтерін пайдалану Ережелерін, сондай-ақ бекітілген тыйымдар мен шектеулерді түсіндіруге міндетті. Ертіп жүрушілер Балалардың осы Ережелерді сақтауына және Саябақ аумағындағы олардың болуына байланысты барлық тәуекелдер үшін толық жауапкершілік алады, сонымен қатар өздері де осы Ережелерді қатаң сақтауға міндетті.
9.2. Осы Ережелерді бұзған жағдайда Әкімшілік Қонақтарға ескерту жасауға, сондай-ақ Ережелерді өрескел бұзған кезде қызмет көрсетуден бас тартуға құқылы. Егер Әкімшілік қызмет көрсетуден бас тартса, Қонақ Саябақ аумағынан дереу шығып кетуге міндетті, ал егер Қонақ Саябақ аумағынан кетуден бас тартқан жағдайнда, Әкімшілік жағдайды реттеу үшін полиция шақыруға құқылы.
9.3. Саябақ Ертіп жүрушілердің қарауында да, қарауынсыз да Саябақта жүрген Балалар үшін жауап бермейді. Балалардың денсаулығы, тәртібі және осы Ережелерді сақтауы үшін толық және кез келген жауапкершілік Ертіп жүрушілерге жүктеледі.
9.4. Ертіп жүрушілер өздері үлгі бола отырып, Балаларды тәртіпке, жалпыға бірдей қабылданған әдеп нормалары мен мінез-құлық ережелерін сақтауға, Әкімшілікке, басқа Қонақтарға құрметпен қарауға, тазалық пен тәртіпті ұстануға, Саябақ мүлкіне ұқыпты қарауға үйретуге міндетті.
9.5. Саябақ Қонақтардың өмірі, денсаулығы және мүлкіне келтірілген зиян үшін Саябақтың дәлелденген кінәсі болмаса, жауап бермейді.
9.6. Қонақтар Саябақ мүлкіне залал келтірген жағдайда, келтірілген залалды Қонақтар мүліктің құнына сәйкес мөлшерде өтеуге міндетті.
9.7. Жазатайым оқиға болса немесе оның қаупі төнген жағдайда Қонақ дереу Әкімшілікке хабар беріп, қажетті көмек көрсетуін сұрауы қажет.
9.8. Қонақтардың бүкіл Саябақ аумағында қараусыз қалдырған заттары үшін, сондай-ақ олардың жоғалуына, ұрлануына немесе бүлінуіне байланысты келтірілген шығын үшін (соның ішінде бағалы заттар — сөмке, ұялы телефон, кілттер, аяқ киім және т.б.) Саябақ жауап бермейді.
9.9. Қонақтар иесіз қалған және/немесе күдікті заттарды тапқан жағдайда бұл туралы Әкімшілікке хабарлауы қажет. Бұл ретте, мұндай заттарды Қонақтардың өз бетінше ұстамағаны және орнын ауыстырмағаны жөн. Табылған заттар Саябақта бір күнтізбелік ай бойы сақталады. Саябақта қалып қойып, сақтаулы тұрған заттар туралы ақпаратты Саябақ Әкімшілігінен және Саябақ сайтында көрсетілген телефон арқылы алуға болады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Саябақ аумағында бейнебақылау жүргізіледі.
9.11. Саябақ аумағында алкогольдік ішімдіктерді ішуге қатаң тыйым салынады. Осы талап бұзылған жағдайда, Әкімшілік бұл туралы құқық қорғау органдарына хабарлауға, ал Қонаққа ереже бұзудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қандай салдары болатыны туралы ескертуге құқылы.
9.12. Саябақ қызметіне және/немесе Саябақ қызметкерлерінің жұмысына қатысты барлық хаттар, шағымдар, талаптар мен ескертулер Саябақ реквизиттері бойынша жазбаша түрде жолдануы тиіс.
9.13. Келіп түскен хаттарға жауап беру мерзімі – 30 күнтізбелік күн.